Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Наурызнама: Қарағанды және Ұлытау облыстарында ҚАЖД қызметкерлері игі шаралар ұйымдастырды

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Наурыз мейрамының екінші күнін атап өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Биыл өңірлік ҚАЖ қызметкерлері рухани және мәдени құндылықтарды нығайтуға ерекше назар аударып, бірқатар іс-шара ұйымдастырды.

15 наурыз – қайырымдылық күні

№36 түзеу мекемесінің қызметкерлері Шахан кентіндегі қарттар үйінің тұрғындарын құттықтап, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл шара арқылы қарағандылықтар ата-баба дәстүрлерін еске түсіріп, қарияларға құрмет көрсетті. Қарттар өз батасын беріп, алғыстарын білдірді.

— Екінші жыл қатарынан Көрісу мерекесін Шахан кентіндегі қарттар үйінде атап өтудеміз. Бұл кездесу ерекше ықыласпен өтті, құттықтаулар айтылып, музыкалық шығармалар шырқалды. Қонақтарға бауырсақ пен жеміс-жидек ұсынылды, – деді мекеме бастығының орынбасары Арман Қошкинов.

Қайырымдылық – жан жылуы

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД №62 мекемесінің сотталған азаматтары әлеуметтік игі істер марафоны аясында қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, Жезқазған қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернатқа барды. Олар интернат тұрғындарына өз қолдарымен жасаған қолданбалы өнер бұйымдары мен тәтті тағамдарды тарту етті.

Сондай-ақ дәстүр бойынша мекеме қызметкерлері көпбалалы отбасыларға азық-түлік, жеміс-жидек және тәтті сыйлықтар үлестірді.

— Долинка кентінде мекеме жанында төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана тұрады. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, отбасы жылы да жайлы өмір сүруде. Балалар өте зерек, біздің қызметкерлерімізді әрдайым қуана қарсы алады, – деді Арман Қошкинов.

Зейнеткерлерге көмек

Қарағанды облысының №32 әйелдер колониясының қызметкерлері ҚАЖ саласының ардагері, зейнеткер Любовь Ивановнаның ауласын қардан тазалап, көмек көрсетті.

Любовь Ивановна еңбек жолын 18 жасында ИТК-43 мекемесінде (қазіргі №32 мекеме) арнайы есеп инспекторы қызметінен бастаған. Ол осы салада 37 жыл бойы еңбек етіп, көптеген марапатқа ие болған. 2009 жылы зейнетке шыққан.

Бұл игі іске №30 және №61 түзеу мекемелерінің қызметкерлері де қосылып, басқа зейнеткерлердің аулаларын қардан тазалады.

Ұлттық дәстүрді жаңғырту

Ал №33 түзеу мекемесінің қызметкерлері бұл күнді ерекше атап өтті. Олар сәлемдесу рәсімін ұйымдастырып, мерекелік дастарқан жайды. 6505 әскери бөлімінің сарбаздары жарапазан айтып, бір-бірін мерекемен құттықтады.

— Бұл күні ұлтаралық байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Осындай шаралар күнделікті жұмыстан бір сәтке алшақтап, Қазақстан мәдениетіндегі маңызды мейрамды бірге атап өтуге мүмкіндік береді, – деді мекеме бастығының орынбасары Жансая Дарибаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру