Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Назар аударыңыз, балалар” ЖПІШ: полицейлер бүлдіршіндерге жол қауіпсіздігін үйретуде

Полицейлер “Назар аударыңыз, балалар” акциясы барысында балабақшадағы бүлдіршіндерге жол ережесін үйретуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында бүгінде алты аудан бар: Алматы, Байқоңыр, Есіл, Сарыарқа, Нұра және Сарайшық. Бұл аудандардың әрқайсысында мектептер мен балабақшалар саны жыл сайын артып, бала саны еселеніп келеді. Жаңа оқу жылының қарсаңында осы бүлдіршіндердің, оқушылар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі – полицияның басты назарында.

Осы мақсатта еліміз бойынша, оның ішінде елордада 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында дәстүрлі “Назар аударыңыз – балалар!” республикалық акциясы өтіп жатыр. Бұл шара – тек профилактикалық сипатта ғана емес, болашақ ұрпақтың өмірін сақтауға арналған маңызды қадамдардың бірі.

Акцияның басты мақсаты - балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің жолдағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, оларға жолдағы дұрыс жүріс-тұрысты үйрерту, қауіп төндіретін жағдайларды ажырата білуге бейімдеу, сондай-ақ қоғам назарын осы өзекті мәселеге аудару. Осы мақсатта аудандық полиция басқармалары, жергілікті атқарушы органдар, білім беру мекемелері, еріктілер мен ұстаздар бірігіп жұмыс істеуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында балалардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты басымдығы екенін бірнеше рет атап өткен болатын. 2024 жылғы Жолдауында Президент: “Балаларға қолайлы, қауіпсіз орта құру – ел дамуының кепілі. Әрбір баланың амандығы үшін мемлекет те, қоғам да бірдей жауапты. Білім беру мекемелеріндегі және жолдағы қауіпсіздік – басты назарда болуы керек” – деп атап өткен.

Бұл – ішкі істер органдарына, білім беру мекемелеріне, ата-аналарға берілген нақты тапсырма әрі үлкен жауапкершілік. Президент тапсырмасын негізге ала отырып, елордада жыл басынан бері полиция 400-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырды. Бұл акцияға 15 мыңнан аса бала мен 10 мыңға жуық ата-ана қатысты. Мұндай ауқымды шаралар баланың санасына қауіпсіздік ережелерін ерте бастан сіңіруде маңызды рөл атқарады.

Мен Polisia.kz сайтының журналисі Қымбат Абдалимова Алматы аудандық полиция басқармасымен бірге аталмыш акция аясында өткізілген балабақшадағы танымдық шараға қатыстым. Мұндағы басты мақсат – жол ережесін бала санасына ойын арқылы сіңіру, оларды визуалды құралдармен, қызықты форматта үйрету.

Тәртіп сақшылары мен балабақша әдіскерлері бүлдіршіндерге: бағдаршамның қызметі мен мағынасы, жаяу жүргіншілер жолынан қалай өту керектігі, қауіпті аймақтар мен ескерту белгілерін қалай ажырату керек екені жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ балалармен бірге жол белгілерін құрастыру, шағын рөлдік ойындар, викториналар ұйымдастырылды. Әсіресе, түрлі-түсті жадынамалар мен қауіпсіздік туралы буклеттер олардың назарын ерекше аударды. Балалар танымдық сабаққа белсене қатысып, қойылған сұрақтарға сенімді жауап беріп отырды.

Арнайы сабақты жүргізген Алматы ауданы ПБ ЖПҚБ ювеналдық полиция бөлімшесінің инспекторы Мадина Жилкайдарова балалардың қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын азайту үшін профилактикалық шаралардың маңызы зор екенін айтады.

— Бала – біздің болашығымыз. Олардың қауіпсіздігі баршаға ортақ міндет. Сондықтан қауіпсіздік мәдениетін кішкентай кезінен бойына сіңіру қажет. Біз балалармен ғана емес, ата-аналармен де жұмыс істейміз. Олар да жолда үлгі көрсетуі керек. Жолда жүріп келе жатып телефонға үңілген бала қауіпке ұшырайды, - деді тәртіп сақшысы.

Сабақ барысында балабақша әдіскері де балалардың қауіпсіздігі жолында бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

— Жол қауіпсіздігі – мектепке дейінгі білім берудің бір бағыты. Баланың өмірі мен денсаулығын сақтау – біздің басты міндетіміз. Сол себепті біз әрқашан балаларға жол жүру ережелерін еске түсіріп, ойында қалу үшін түрлі әдістермен сабақ өтеміз. Осы орайда біз әрдайым полиция қызметкерлерімен тығыз байланыста боламыз, — дейді №34 балабақшаның әдіскері Гүлден Жұмабаева.

Қоғамда болып жатқан оқиғаларға зер сала отырып, тәртіп сақшылары ата-аналарға үндеу жасайды:

— Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен сіздердің назарларыңыз бен қамқорлықтарыңызға байланысты. Күн сайын балаңызға қарапайым жол ережелерін түсіндіріп, үлгі болыңыз;

— Үлкендерден көргенін қайталайтынын ұмытпаңыз. Егер сіз бағдаршамға бағынбасаңыз, бала да солай жасайды;

—  Баланы мектепке немесе балабақшаға апарарда жолдың дұрыс бөлігінен өтуге үйретіңіз;

— Балаларыңызға жол белгілерінің мағынасын қарапайым тілмен түсіндіріп жүріңіз;

—  Автокөлікке отырғызғанда қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағып беріңіз;

—  Ең бастысы — балаға өз өмірі мен денсаулығының қымбат екенін үнемі айтып отырыңыз.

Бұл үндеу тек балалардың ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздік деңгейін арттырады. Өйткені жолда тәртіп сақтау дағдысы бала кезден дұрыс қалыптасса, өскенде олар саналы жаяу жүргінші, жауапты жүргізуші бола алады. Сол себепті барша азаматты жол ережесін елеусіз қалдырмауға шақырамыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру