Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Назар аударыңыз – жолда адам!" акциясы: көлік полицейлері теміржол қауіпсіздігін күшейтті

Көліктегі полиция департаменті мен Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлері "Назар аударыңыз – жолда адам!" акциясы аясында Астана станциясының теміржол паркінің 10-ауданында рейдтік іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған акция адамдарды пойыз басып кету деректерінің алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздік талаптарын сақтауын күшейтуге бағытталған.

Рейд барысында көлік полицейлері "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ өкілдерімен бірлесіп, азаматтар мен жасөспірімдерге теміржол көлігі нысандарында қауіпсіз жүріп-тұру қағидалары туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратты. Сондай-ақ тәртіп сақшылары елорда тұрғындарына теміржолдағы жүріп-тұру ережелерін еске салып, қауіпті аймақтар туралы ақпарат берді.

– Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу көптеген адамға, соның ішінде жасөспірімдерге, өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Қауіпті аймақта жүрген әрбір азамат өз қауіпсіздігін есте сақтап, теміржолдағы негізгі қауіпсіздік қағидаларын жақсы білуі тиіс, – деді көліктегі ПД әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Әлихан Жұмажанов.

Оның айтуынша, оқиғалардың алдын алу мақсатында көлік полицейлері тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар мен халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.

Мәселен, 2026 жылдың басынан бері теміржолдарды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 6 мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды. Десек те, өткізілген алдын алу шараларына қарамастан, теміржол көлігі нысандарында жазатайым оқиғалар әлі де тіркелуде. Сақшылар көп жағдайда жазатайым оқиғалардың азаматтардың теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі және теміржол инфрақұрылымы нысандарында алкогольдік масаң күйде болуы салдарынан болатынын айтады.

– Тек соңғы тәуліктің өзінде еліміздің бірқатар өңірінде осындай бірнеше құқық бұзушылық тіркелді. Барлық жағдайда азаматтар теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткен. Машинистердің пойызды дер кезінде тоқтатып үлгеріп, қайғылы салдардың алды алынды, – деп сөзін түйіндеді Әлихан Жұмажанов.

Көлік полицейлері белгіленген ережелеоді бұзудың соңы қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады. Сондықтан теміржолды тек арнайы жабдықталған өткелдер арқылы өту керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру