Нәзіктік пен батылдық қатар өрілген тағдыр
Оның күні таңғы бесте басталады. Бір сағаттан соң темірдей тәртіп пен ішкі жігерге сүйеніп, жұмысына жаяу жол тартады. Қостанай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Гүлзана Қамзинаның өмірі осылай өрбиді. Өйткені ол үшін "қызмет" — жай ғана мамандық емес, өмір салты, өмірлік ұстаным. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Гүлзананың айтуынша, өмір жолының бұлай қалыптасуы кездейсоқ емес. Оның отбасында полиция қатарында қызмет еткен ағасы мен әпкесі бар. Солардың жауапкершілігі мен өз ісіне деген адалдығы кішкентай Гүлзананың жүрегіне ерте ұялаған.
- Бала күнімнен олардың қызметке деген құрметі мен мақтанышын көріп өстім. Сол кезден бастап мен де солар сияқты болуды армандадым, — дейді офицер.
Содан бері жиырма екі жыл өте шықты. Осы жылдар ішінде Гүлзана Қамзина қарапайым қызметкерден бөлім басшысына дейін көтеріліп, әріптестерінің сенімі мен құрметіне ие болды.
Ол үшін әр күн — жаңа сынақ пен жаңа мүмкіндік.
- Біздің жұмыс ешқашан бір сарынды болмайды. Әр күн жаңа міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейді. Дәл осы – біздің қызметімізді өміршең әрі қызықты етеді, — дейді подполковник.
Көпшілік мотивацияны сырттан іздесе, Гүлзана оны өз ісінен табады. Оның басты қағидасы – "Нәтиже керек болса, іске кіріс".
Күн сайын Қостанай облысына қарасты Заречный ауылынан облыс орталығына дейінгі он шақырымдық жолды жаяу еңсеріп өтеді. Бұл – ол үшін әрі жаттығу, әрі ерік-жігер мектебі.
Ату, дене шынықтыру, нормативтер – оның күн тәртібінің ажырамас бөлігі. Гүлзана Қамзина – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің республикалық жарыстарының екі дүркін күміс жүлдегері, облыстық сайыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, спорт шеберлігіне үміткер.
- Ату жаттығулары кезінде тек дәлдік емес, мінез де сыналады. Ең бастысы – ешқашан берілмеу, — дейді ол жымиып.
Бірақ қатаң тәртіптің, әскери мінездің артында нәзік те мейірімді әйел тұр. Гүлзана үшін ең үлкен құндылық – отбасы.
- Қиын күннен кейін үйге оралғанда ұлымның күлкісі мен жұбайымның түсіністігі маған күш береді. Екеуміз де полицияда қызмет етеміз, сондықтан түнгі кезекшіліктің, шұғыл шақыртудың не екенін жақсы білеміз. Отбасы – менің тірегім, — дейді офицер.
Жолдасы да ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ерлі-зайыптылар бүгінде бесінші сыныпта оқитын ұл тәрбиелеп отыр.
Қызмет пен тәртіптен бөлек, Гүлзана – өнерге де жақын жан. Ән айту – оның рухани тынысы. Ол департаменттің мерекелік шараларында өнер көрсетіп, 2011 жылы өткен "Погондағы ару" байқауында Гран-при иегері атанған. Бос уақытында зумба-фитнеспен айналысып, өмірін сергектік пен позитивке толтырады.
- Қызмет – өз жолың, бірақ жан дүниенің де тынысы керек. Ән айтқанда мен шабыттанамын, жаңа күш аламын, — дейді Гүлзана.
Полиция подполковнигі Гүлзана Қамзина – нәзіктік пен ерлікті, жауапкершілік пен адамгершілікті ұштастыра білген тұлға. Бүгінде Қазақстан полициясында он мыңнан астам әйел қызмет етеді. Солардың әрқайсысы, Гүлзана сияқты, өз еңбегімен дәлелдеп келеді: Отанға қызмет етудің жынысы болмайды.
Сабырлы, жинақы, өз ісіне шынайы берілген Гүлзана Қамзина былай дейді:
- Мен бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Ең бастысы – істеген ісіңе сену және жүрекпен алға ұмтылу, - дейді ол.
Ол танылуды мақсат етпейді. Бірақ оның өмір жолы – шыдам мен сенімнің, нәзіктік пен ерліктің нағыз үлгісі.
Гүлзана Қамзина – офицерлік рух пен әйелдік мейірім үйлесім тапқан бейне.
