Неліктен қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыруға болмайды: полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр
Полиция түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер азаматтарды қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуды көздейтін заңнамадағы өзгерістер туралы ақпараттандыру жұмыстарын бастады.
Заңдағы жаңа норма 12 шілдеден бастап күшіне енді.
— Заңнамаға енгізілген өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде діни сенім бостандығын шектемей, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамдардың тұлғасын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау, – деп түсіндіреді тәртіп сақшылары.
Учаскелік инспекторлардың айтуынша, тыйым адамның бет-жүзін толықтай жауып, тұлғасын анықтауға кедергі келтіретін киім түрлеріне қатысты. Мысалы бетперде, никаб сияқты киімдер. Ал бет-жүзді жаппайтын хиджаб, шейла, химар, аль-амира секілді киімдерға бұл норманың қатысы жоқ.
Бұл тыйым ауа райының жағдайына, медициналық көрсеткіштерге байланысты қолданылатын киімдерге қатысты емес. Сондай-ақ бұл норма Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді орындау, азаматтық қорғау, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысатын адамдарға қолданылмайды.
Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары түсіндіру жұмысы аясында азаматтарға өзге құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шаралары туралы айтты. Атап айтқанда, полицейлер интернет-алаяқтардың алдау тәсілдері жөнінде ақпарат беріп, мұндай айлаға көбіне адамдардың қалай тап болатынын түсіндірді.