Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Несиеңді жауып беремін”: Түркістан облысында банк қызметкері тұрғынды алдап кетті

Түркістан облысында “несиеңді жауып беремін” деп тұрғынды алдаған банк қызметкері анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қаласы ПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып, шағымданды.
Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам өзін “банк қызметкерімін” деп таныстырып, “несиеңді жауып беремін” деп әбден сендірген. Содан осы ісі үшін жәбірленушіден 200 мың теңге ақшасын алып алған. Одан кейін алаяқ жәбірленуші әйелге берген уәдесін орындамай әбден әбігерге салған. Аталған жайт Кентау ҚПБ-да ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. 
Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ПБ-ға жеткізді. Ол бұрын банк қызметкері болып жұмыс істеген жергілікті тұрғын болып шықты. Белгілі болғандай, ұсталған ер азамат алдау жолымен алған ақшаны өзінің қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, онда сізге “102” телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру