Нұр-Сұлтанда полицейлер телефон ұрлаған күдіктілерді ұстады
Елордада бір тәулік ішінде ұялы байланыс телефонын ұрлау бойынша ұқсас үш қылмыс орын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Сарыарқа» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері барлық күдіктілерді қолға түсірді. Осылайша, полиция қызметкерлері Әуезов көшесіндегі қонақ үйден Samsung маркалы ұялы телефонды ұрлап кеткен 30 жастағы қала тұрғынын ұстады. Осыған ұқсас ұрлық Гете көшесіндегі қонақ үйде орын алды. Қонақ үй бөлмесінен 39 жастағы ер адам ОРРО телефонын ұрлап, еш кедергісіз ұрлық жасалған жерден кетіп қалған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері Сарыарқа даңғылындағы дүкеннің сөресінен құны 440 мың теңгеден асатын iPhone 11 ұялы телефонын ұрлап кеткен 47 жастағы әйелді ұстады.
Аталған барлық фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бұған дейін жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.