Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нұрсұлтан Динабеков – қазіргі заман қаһарманы

Полиция капитаны Нұрсұлтан Динабеков – Астана қаласының патрульдік полиция полкінің қызметкері, өз ісіне адал, батыл әрі адам өмірін құтқаруды басты парызы санайтын азамат. Ол бірнеше рет өз өмірін қауіпке тігіп, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсетіп, нағыз ерлік танытты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2024 жылдың қараша айында полицияға жас тұрғын хабарласып, оның құрбысы өзіне қол жұмсамақ болғанын жеткізген. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері Нұрсұлтан Динабеков 2-қабаттағы пандус арқылы пәтерге кіріп, балконның ашық терезесі арқылы ішке енген. Жуынатын бөлмеде өзін жарақаттаған қызды көрген Динабеков оны құтқарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.

Осы жылы да ол өз жұмысына өте жауапкершілікпен қарайтынын көрсете білді. 18 сәуірі күні таңғы сағат 06:35 шамасында "Арқар" көпірінен ер адам өзенге секіріп кеткен. Оқиға орнына дереу жеткен Нұрсұлтан еш ойланбастан салқын суға секіріп, зардап шеккен азаматқа қарай жүзіп барды. Ол ер адамға құтқару шеңберін кигізіп, жағаға алып шықты.

Тәртіп сақшысы бұл әрекетін ерлік емес, өзінің қызметтік және адамдық парызы деп санайды. Оның өмірі – күнделікті қауіп-қатер мен күрделі жағдайларға толы күрес жолы. Алайда ол осы жолды саналы түрде таңдаған, Отан алдындағы парызы мен азаматтық борышын адал атқаруға бел буған жан. Адамдармен қарым-қатынас жасауда сыпайылық пен мәдениеттілікті ұстанады, алайда қажет кезінде қатал шешім қабылдаудан тайынбайды. Ол ішкі істер органында 5 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Бүгінде Нұрсұлтан адал жар, үлгілі әке. Болашақта ұлдарының өзі сияқты елге адал қызмет ететін патриот болғанын қалайды.

Нұрсұлтан Динабеков – өз ісіне адал, батыл және адам өмірін құтқаруды басты міндеті деп білетін нағыз полиция қызметкері. Оның ерлік істері қоғамда үлкен құрметке ие болып, көпшілікке үлгі болуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру