Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ойын залын тонаған күдікті 3 жылға бас бостандығынан айырылды

Түркістан облысында ойын залын тонаған күдіктіге үш жыл алты айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осыдан бірнеше айдын алдын, 2020 жылдың күзінде Жетісай ауданында тонау қылмысы орын алған болатын. Қылмыс тіркелгеннен бастап, күдіктіні құрықтауға тәжірибелі полицейлер жұмылдырылды. Бүгінде бұл іске қатысты іс-шаралар аяқталып, іс сотқа жолданды.

Нақтырақ айтсақ, Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне ойын залдарының бірінің операторын тонап кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шығып, кассада тұрған жас қызға мекемеге келуші шабуыл жасап, 170 мың теңгесін күшпен тартып алып, белгісіз бағытта жасырынғанын анықтаған. Аталған жайт аудандық полиция бөлімінің СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеп, күдіктіні іздеуге кіріскен. Жедел уәкілдер бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алып, жақын маңдағы көшелерді, қонақ-үйлерді және күдіктінің басқа баруы мүмкін жерлерді қарап шыққан. 10 күнге созылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісай АПБ полицейлері күдіктіні Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде ақша алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Осы істің ақ-қарасын ажыратып тергеу жүргізу аға тергеуші Бақдәулет Тынкозиевке жүктелді. Бұған дейін де бірнеше ауыр, аса ауыр қылмыстарды нақты дәлелдермен сотқа жолдап жүрген тергеушіге бұл істі соңына жеткізу сеніп тапсырылды. Жауапкершілікті жіті сезінген тергеуші бірден әрекет етті. Тергеп-тексеру амалдары бір апта жүргізілді. Барлық қажетті құжаттарды жинақтаған Бақдәулет, қылмыстық істі Жетісай аудандық сотына жолдады.

Осылайша күдікті Жетісай аудандық сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Күдіктіге тағайындалған бас бостандығын шектеу жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленіп, тұрғылықты жері бойынша пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін, жұмыс орнын ауыстырмау, әкімшілік-аумақтық шегінен тыс жерге кетпеу, түнгі уақытта көңіл көтеретін қоғамдық орындарға бармау міндеттері жүктелді. Осылайша тергеушінің тыңғылықты да тындырымды әрекеті арқасында қылмыс дәлелденіп, қылмыскер өз жазасын алмақ.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Тәртіп сақшылары мекемелер мен басқа үй-жайлардың иелеріне бейнебақылау камераларын, күзет дабылы мен терезелерге темір торлар орнатуды ұсынады. Егер сіз біреудің мүлкін тонаудың немесе ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру