Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды колониясындағы сотталғандармен кездесті

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды колониясындағы сотталғандармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ҚР ІІМ ҚАЖК «№ 29 мекеме» РММ-ге барып, өмірлік тәжірибесімен бөлісу және қызықтырған сұрақтарға жауап беру үшін қатаң режимде жазасын өтеп жатқан сотталғандармен кездесті. Сотталғандардың олимпиада чемпионымен көптен күткен кездесуі мекеме клубында өтті.

Сапар аясында атақты боксшы «Еңбек – Қарағанды» РМК өнеркәсіптік аймағына, жалпы тамақтанатын орынға және жатақхана жасақтарының біріне барып, колонияның аумағымен, сотталғандардың тұрмыс жағдайымен танысты.

– Мен мұндай шалғай жерге бірінші рет келіп тұрмын. Бүгінгі жиынға бар назарын салып, зейін қойған қатысушыларға алғысымды білдіремін, – деді Серік Сәпиев.

Сәпиев өзінің балалық шағы туралы, спортқа қалай келгенін, кімді үлгі еткенін, студенттік шақта қалай оқығанын, алғашқы жеңісі туралы, алтыннан алқа таққандағы сезімі жайлы айтып берді.

– Сіздердің әрбіріңіз бұрынғы қателіктеріңізге қарамастан, өз еліңіздің толыққанды азаматы болуға ұмтылуыңыз керек. Барлығын түзетіп, қайта бастауға болады. Өз күшіңізбен сіз кез келген жетістікке жете аласыз және балаларыңызға лайықты әке бола аласыз, отбасында тірек бола аласыз. Артқа қарамаңыздар, тек алға! Жақсылықтан үміт үзбеңіздер! Сіздің болашағыңыз бен әл-ауқатыңыз өз қолыңызда, – деп атап өтті Сәпиев.

Іс-шара соңында облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары Игорь Бендерский және мекеме бастығының міндетін атқарушы Бекболат Бурлинов Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберіне жазасын өтеп жатқан азаматтарға бөлген уақыты үшін алғысын айтты.

Айтпақшы, мекемедегі талантты сотталған азаматтардың бірі Серік Сәпиевтің суретін салып, сыйға тартты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру