Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өнегелі өмір: Отанға адал қызмет еткен ІІО ардагері

Отанға адал қызмет еткен ІІО ардагері туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығы үшін тер төгіп, бейбіт өмірдің шырағын сөндірмей, қастерлі міндетін абыроймен атқарған азаматтарға көрсетілетін құрмет пен алғысқа толы мереке. Осындай елге елеулі, халыққа қалаулы жанның бірі – ішкі істер органдарының ардагері, милиция подполковнигі Есім Қарабайұлы Танабергенов.

Ел тыныштығы мен жол қауіпсіздігін сақтау жолында тынымсыз еңбек еткен Есім Қарабайұлының өмір жолы – ерлік пен еңбектің, парасат пен өнегенің айшықты көрінісі. Ол қызмет жолын Целинный өлкесінің мемлекеттік автоинспекторы болып бастап, табандылығы мен адалдығының арқасында Целиноград облыстық ішкі істер басқармасындағы жол полициясы бөлім бастығының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Өз ісінің шебері, білікті маман ретінде ол көптеген жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибесімен бөліскен ұлағатты ұстаз болды.

Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамнан қол үзбей, 2002 жылдан 2018 жылға дейін Астана қаласы Ішкі істер департаментінің Ардагерлер кеңесін басқарып, аға буын мен жас қызметкерлер арасында алтын көпірге айналды. Ол – көпке үлгі боларлық көреген тұлға, елдің бүгіні мен болашағына алаңдаған нағыз отансүйгіш азамат.

Бүгінде жасы тоқсанға таяған ардагер – өмірлік тәжірибесі бай, ұстанымы берік, жүрегі ел деп соққан абзал жан. Қызмет бабында қатал талапшыл болса, күнделікті өмірде қарапайымдылық пен адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Қазір зейнет демалысында, жанында өмірлік жары Тлеулес Қаумбайқызы, үш перзенті мен немерелері – оның ең үлкен байлығы, мақтанышы.

Есім Танабергенов – өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі және келер ұрпақ үшін де өнеге боларлық тұлға. Оның өмір жолы – елге адал қызмет етудің, шынайы патриотизмнің айқын көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру