Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оң жақтан сол жаққа ауыстырылған армениялық көліктерді тіркеу 1 қарашаға дейін ұзартылды

Ай сайын республика көлемінде азаматтармен кері байланысқа түсу мақсатында ұйымдастырылып жүрген «Жолда қабылдау» акциясы 26-27 тамыз аралығында Түркістан облысында өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл акция 2019 жылдың 5-6 сәуірінен бастау алып, әр айдың ортасында өткізіліп тұрған болатын. Алайда пандемияға байланысты тоқтатылған еді. Бүгінде карантин талаптарының біршама жеңілдеуі мен армениялық көліктерді уақытылы тіркеп үлгеру мақсатында қайтадан жалғасын тапты.
Яғни дәл осы жолғы акция кезінде Түркістан облысының полицейлері облыс орталығында орналасқан «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында» армениялық көліктерді тіркеуге байланысты азаматтар үшін қабылдау жүргізуде. Қабылдауға келгендерге жеке-жеке кеңестер мен қойылған сұрақтарына жауаптар берілуде. Бұдан басқа, телефон байланысы арқылы да, әлеуметтік желілердегі онлайн-қарым-қатынас арқылы да жедел желі жұмысы ұйымдастырылды.

Акция аясында ниет білдірушілер көлік құралдарын тіркеу, Әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәртібі, жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ өзге де мәселелер бойынша қажетті кеңестерді ала алады.
Таңертең сағат 09.00-ден бастап кешкі сағат 19.00-ге дейін полицейлер 374 азаматты қабылдады.

Айта кететін жайт, Түркістан облысында тіркеуге сай келетін сол жақ рульді 330 армениялық көлік бар болса, оның тіркелмей қалғаны – алты. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес армениялық көліктердің басқару рулі оң жақтан сол жаққа ауыстырылып қайта жабдықталып тіркеуден өтуіне болады. Бұл шара 1 қарашаға дейін жалғасады.

Түркістан облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Есимовтің айтуынша: – Қайта жабдықталған көліктер міндетті түрде Алматы, Орал мен Қостанай қалаларында ашылған сынақ лабораторияларынан тексерістен өтуі керек. Бүгінгі «Жолда қабылдау» акциясы кезінде біз осы мәселеге баса мән бердік. Түркістан облысында оң жақ рульді армениялық 201 көлік бар, оның барлығы сол жаққа ауыстырылған. Алайда толық тіркелмеген. Сондықтан тіркеуден өту және өздеріне қажетті кеңестерді алу үшін барлық тұрғындарды қабылдауға шақырамыз.

Тамыздың 27 күні де аталған орынға келіп, Армениядан әкелген көлігіңізді тіркеп алуыңызға мүмкіндік бар. Немесе өзіңізге қажетті мағлұматтарды тәжірибелі полицейлерден сұрап, біле аласыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру