Оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Түркістан облысында полицейлер жол апатын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне түнгі уақытта Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 667 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері белгісіз көліктің жүргізушісі жолды кесіп өтпек болған тұрғынды қағып, соңынан қашып кеткенін анықтады. Апат салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмады.
Аталған жайт Сайрам аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы) және 347-бабы (Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді.
Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында Сайрам аудандық полиция басқармасы қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүргізілді. Оқиға орнынан белгісіз жүк көлігінің сынық қалдықтары алынды. Жан-жаққа бағытнамалар беріліп, жүйелі жұмыстар атқарылды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде тәртіп сақшылары кінәлі жүргізушіні қолға түсірді. Қамауға алынды. Тексеру барысында анықталғандай Ташкент бағытына қарай кетіп бара жатқан «Меrсedes Benz» маркалы жүк көлігінің жүргізушісі белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған Алматы қаласының тұрғынын қағып кеткен.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Тәртіп сақшылары болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері, жол қозғалысына қатысушыларға жолда абай болуға және жол қауіпсіздігі ережесін бұзбауға, жылдамдықты асырмауға, қашықтықты сақтауға, ал жол-көлік оқиғасы болған жағдайда оқиға орнынан кетпеуге кеңес береді. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге тек белгіленген орындардан ғана өтуге шақырып, жол-көшелердің кез келген жерінен өтпеуді ескертеді. Егер сіз жол-көлік оқиғасына қатысушы немесе куәгер болсаңыз, шұғыл «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.