Оралда "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды
Орал қаласында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қазанда Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан милиция аға сержанты Мәлік Рушановтың есімі берілген "Жас сақшы" полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараның мақсаты – ел тыныштығы жолында жанқиярлықпен ерлік көрсеткен азаматтың есімін ұлықтау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге баулу, сондай-ақ құқық қорғау саласына қызығушылықты арттыру.
Кадет сыныбына барлығы 22 оқушы қабылданды. Олар арнайы бағдарлама негізінде тәртіп, құқықтық білім мен патриоттық тәрбие бағытында білім алады.
Бұл бастама жас буынды Отанға қызмет етуге, жауапкершілік пен заңдылықты құрметтеуге тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мәлік Рушанов – Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Өспен ауылының тумасы. Ол 1990 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып, 1995 жылғы 7 қазанда Ақсай қаласында қызмет бабында ерлікпен қаза тапты.
Ол өзінің кәсіби жолында адалдық пен жауапкершілікті ту еткен.
Ашылу рәсіміне ішкі істер органдарының өкілдері, ардагерлер, мектеп ұжымы мен оқушылар, марқұмның туыстары және қоғам белсенділері қатысты.
Шара барысында Мәлік Рушановтың өмір жолы мен ерлігі туралы естеліктер айтылып, жас ұрпаққа оның батырлығы үлгі ретінде ұсынылды.
Айта кетейік, бұған дейін Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы №5 орта мектепте – милиция подполковнигі Ишбулат Шектебаев атындағы және Орал қаласындағы №46 мектепте – милиция сержанты Иват Мумбаев атындағы екі "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылған болатын.
"Жас сақшы" кадет сыныптары – бұл тәртіп пен патриотизм мектебі, болашақ құқық қорғаушыларды тәрбиелеудің алғашқы баспалдағы.