Оралда бірнеше көлікке ұрлыққа түскен күдікті ұсталды
Орал қаласында автокөліктерді тонаумен айналысқан 25 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдіктіні Абай полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықтап, қолға түсірді.
Тергеу барысында оның көліктердің құлпын ашуға арнайы кілттерді пайдаланғаны немесе иелері ұмыт қалдырған ашық есіктерді пайдаланып, салонға еркін кіргені белгілі болды. Ол автокөліктерден аккумуляторлар, магнитофондар, динамиктер және басқа да құнды заттарды қолды қылған.
Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты 8 эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның автокөлігін тінту кезінде заттай айғақтар тәркіленді. Полиция күдіктінің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда.
Осы ретте полиция қызметкерлері көлік иелеріне барынша сақ болуды ескертеді. Құнды заттарды автокөлік салонында қалдырмауға және көліктеріңізді әрдайым мұқият құлыптауға кеңес береді.