Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда кәмелетке толмаған жасөспірімнен психотроптық заттар табылды

Оралда кәмелетке толмаған жасөспірім психотроптық заттармен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Деркөл кентінде жедел-іздестіру шаралары барысында 2007 жылы туған кәмелетке толмаған жасөспірімді ұстады.

Жеке тінту кезінде одан 25 zip-пакет тәркіленді. Кейін жасөспірім есірткі жасырған орындарын көрсетіп, сол жерлерден 109 zip-пакетке салынған үш үлкен орама табылды.

Сараптама нәтижесінде алынған заттардың жалпы салмағы 249 грамм, яғни шамамен 1245 дозалық «Альфа PVP» психотроптық заты екені анықталды. Тергеу барысында ұсталған жасөспірімнің Қостанай облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол Орал қаласына Telegram-арна арқылы жұмысқа шақырылған. Жұмыс берушілер жол жүру және тұру шығындарын өтеген. Қазіргі уақытта жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша есірткі заттарының заңсыз айналымы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция заңсыз есірткі сақтау және таратудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп, «Орал – есірткісіз қала» бағдарламасы аясында есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру