Оралда полиция қызметкерлері қала тұрғынын құтқарып қалды
Орал қаласында учаскелік полиция инспекторлары 9 қабатты үйдің төбесінен секірмек болған жігітті құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамырдың 12 күні сағат түнгі 23:20 кезінде полицияға Орал қаласының тұрғыны хабарласып, Құрманғазы көшесінің бойындағы тоғыз қабатты үйлердің бірінің төбесінде белгісіз біреудің жүргені туралы хабар береді.
Аталған мекенжай бойынша келген полицейлер түнгі патрульде жүрген Орал қалалық ПБ Абай полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторлары Ернар Утенов және Медетнар Жасыбаев үйдің төбесіне шығып, аяғын төменге салбыратып отырған ер адамды көреді.
Тәртіп сақшылары жағдайды бағалап, уақытты жоғалтпай, тез арада аман алып қалуға шешім қабылдайды. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері ер адамды әңгімеге тарта бастайды. Оның алданып тұрған сәтін пайдаланып, оңтайлы сәтте оны өзіне тартып қалып, қауіпсіз жерге алып шығып, тыныштандырады.
Секірмек болған 30 жастағы жігіттің мұндай іс-әрекетке қандай жағдай интермелегенін тексеру барысында оның әйелімен жанжалдасып, мас күйінде осындай іс-әрекетке барғаны белгілі болды. Абырой болғанда бәрі сәтті аяқталды.
Тәртіп сақшыларының қырағы және ептіліктерінің арқасында тағы бір адамның өмірі аман қалды. Кейін полицейлер оны Орал қаласындағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Ер адамның өміріне еш қауіп жоқ.