Оралда Президенттік көпсайыстан чемпионат өтті
Оралда 20-22 шілде күндері Президенттік көпсайыстан «Динамо» ДШСҚ-ның X жазғы ведомствоаралық спартакиадасы мен ІІМ чемпионаты өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен құқық қорғау органдарының, арнайы және күштік құрылымдарының қызметкерлері қатысты.
П.Атоян атындағы стадионда сайыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҚО ПД бастығының орынбасары Нұрмахан Жалғасов сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы чемпионатта 150 адамнан құралған 29 команда бақ сынады.
Айта кетейік, Президенттік көпсайыс – өте күрделі қызметтік-қолданбалы спорт түрі. Екі күнге созылған жарыста мықты спортшылар анықталды. Олар әскери қарудан ату, жүзу, граната лақтыру және әртүрлі қашықтыққа, яғни жас ерекшеліктеріне сәйкес 60, 100 және 1000, 3000 метрге жүгіру бойынша жарысты.
Қазақстан Республикасы ІІМ және «Динамо» дене шынықтыру және спорт қоғамы чемпионатының қорытындысы бойынша облыстық полиция департаменттері арасында командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің құрама командасы алтыннан алқа тақса, Ақмола облыстық ПД ойыншылары екінші орынды, Алматы қалалық ПД командасы үшінші орынды қанжығалады.
Құқық қорғау органдары арасында жинаған ұпайларының нәтижелері бойынша командалық есепте ІІМ құрамасы Президенттік көпсайыстан чемпион атанды. «Динамо» командасы күміс жүлдегер, ал Ұлттық ұлан командасы қола жүлдегер атанды.
Жеңімпаздарға кубок пен бағалы сыйлықтар табысталды.