Оралда притондарды ұйымдастыру дерегі анықталды: күдіктілер ұсталды
Оралда притондарды ұйымдастыру және ұстау фактілері анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және полицияның басқа да бөлімшелерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Орал қаласында жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру және ұстау фактілері анықталды.
Атап айтқанда, 2024 жылдың наурыз айынан 2025 жылдың мамыр айына дейін 51 жастағы әйел қаладағы сауналардың бірінде интимдік қызмет көрсетуге арналған бөлмелерді жабдықтап, оларды ақылы негізде пайдалануға берген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сол кезеңде тағы екі әйел алдын ала сөз байласу арқылы топ болып жезөкшелікпен айналысуға арналған притон ұйымдастырған. Бұл факті бойынша да қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар алты әйелге қатысты алдын ала сөз байласу арқылы притон ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс бойынша тергеу жұмыстарын Абай полиция бөлімі жүргізуде.
Ішкі істер органдары притондарды ұйымдастыру және жезөкшелікке тарту сияқты заңсыз әрекеттерді анықтау және тоқтату бойынша кешенді іс-шараларды жалғастыруда. Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар барлық тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.