Оралда қоғамдық орынды ластаған тұрғын жауапқа тартылды
Оралда полиция қызметкерлері "Мәңгілік алау" мемориалдық кешенінде қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
26 қаңтар күні шамамен сағат 16:40-та бейнебақылау камералары арқылы Орал қаласының Жеңіс алаңында абаттандыру қағидаларын бұзу дерегі тіркелді. Азамат "Мәңгілік алау" мемориалдық кешенінің аумағында ескерткішке шығып, темекі шегіп, тұқылын белгіленбеген жерге тастаған, осылайша қоғамдық орынды ластаған.
Аталған әрекеттер қоғамдық орындарға және тарихи-мәдени маңызы бар нысандарға құрметсіздік танытуды білдіреді. Осы факті бойынша полиция қызметкерлері жедел түрде тиісті шаралар қабылдады.
Құқыққа қайшы әрекеттердің нәтижесінде азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, тазалықты қамтамасыз ету, сондай-ақ тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады.
