Оралда ұландықтар адасып қалған кішкентай баланы ата-анасына табыстады
Оралда ұландықтардың қырағылығының арқасында бала ата-анасына аман-есен табысталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің патрульдік жасағы педагогикалық институт маңындағы көшелердің қоғамдық тәртібін қадағалау барысында ересектерсіз жүрген кішкентай баланы байқап қалған.
Сарбаздар дереу баланың қасына барып, мән-жайды анықтауға тырысты. Әңгіме барысында оның адасып кеткені, қайда барарын білмей тұрғаны белгілі болды. Әскерилер кідірместен баланы патрульдік көлікке отырғызып, полиция департаментіне қарай бет алды.
— Бала жақындарынан көз жазып, қатты қорқып қалған екен, бірақ тез тіл табыстық. Бастысы — оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-анасын тезірек табу болды, — деді ұландық Саламат Әнуаров.
Әскерилердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде бала қысқа мерзім ішінде ата-анасына табысталды.