Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Орал қаласында милиция қызметкері Байжан Қазиев атындағы "Жас сақшы" сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласындағы №52 жалпы орта білім беретін мектепте қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан милиция қызметкері Байжан Қазиев атындағы "Жас сақшы" полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның мақсаты – ел тыныштығы жолында жанқиярлықпен қаза тапқан ер азаматтың есімін ұлықтау, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, олардың бойында батылдық, жауапкершілік және құқықтық мәдениет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

Салтанатты жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері, мектеп ұжымы мен оқушылар, батырдың туыстары және жергілікті қоғам өкілдері қатысты.

Байжан Қазиев – өз ісіне адал, тәртіп пен қырағылығымен ерекшеленген жас маман болатын. Ол бірнеше мәрте қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін басшылық тарапынан алғысқа ие болған. Алайда 1972 жылғы 23 қыркүйекте Ақсай қаласында түнгі кезекшілік кезінде қылмыскерді ұстау барысында Байжан Мәулетұлына қарсы шолақ мылтықтан оқ атылып, ол оқиға орнында қаза тапты. Өз өмірін ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында құрбан етті.

Қызметтік ерлігі мен батырлығы жоғары бағаланып, ол қайтыс болғаннан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен "Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін" медалімен марапатталды.

Байжан Қазиевтың есімі халық жадында мәңгі сақталады. Оның ерлігі мен адалдығы – жас ұрпаққа үлгі, елге қызмет етудің, антына адал болудың жарқын өнегесі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру