Ордабасы ауданында мас тракторшы ұсталды
Түркістан облысының полицейлері ауыр дәрежелі мас халде трактор тізгіндеген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ ЖПҚБ бағынысты патрульдік полиция тобының қызмет инспекторлары қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бекітілген бағыт бойынша патрульдеу жұмысын тұрақты түрде жүргізуде. Осы тұста Ордабасы ауданы «Бөржар-Бадам» тасжолында жол жүру ережесін бұзған «Трактор МТЗ-80» маркалы тракторды тоқтатады. Аталған трактордың жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында, оның спирттік ішімдік ішкенге күдікті екендігі анықталды.
Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Осыған байланысты трактор айыптұраққа қойылды. Жүргізушісіне қатысты медициналық сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес «ауыр дәрежелі» масаң күйі анықталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты жинақталған іс-құжаттар сотқа жолдануда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын естен шығармағаны жөн.