Ордабасыда мас халде автокөлік басқарған жүргізуші қамауға алынды
Ордабасы полицейлері мас халде автокөлік басқарған жүргізушіні қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ның полиция қызметкерлері жолда жүру ережелерін сақтау мақсатында рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде. Кезекті шара барысында бұрылыс жарығын жақпай, өтіп кеткен Opel Vectra маркалы автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде көліктің иесі 2020 жылдың қараша айында Отырар аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабына сәйкес көлік басқару құқығынан жеті жылға айырылғаны анықталды. Сондай-ақ полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктенді. Тәртіп сақшысы осы жайтты нақтылау үшін жүргізушіні сараптамадан өткізді. Куәландыру қорытындысы автокөлік жүргізушісінің мас екенін растады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Аталған қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған жүргізуші қамауға алынды.