Ордабасылық полицейлер тұрғын үйге ұрлыққа түскен күдіктіні ұстады
Ордабасылық полицейлер тұрғын үйге ұрлыққа түскен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, күндізгі сағат 12:00 шамасында өзінің тұрғын үйіндегі шкафтың ішінен алтын бұйымдары мен құны 285 мың теңге болатын Samsung ноутбугын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1,3 млн теңгеден асады.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алды. Хабарлама келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Полицейлер күдіктіні анықтауға арналған барлық шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді.
Нәтижесінде, күдікті анықталып, оның Сайрам ауданының тұрғыны екені белгілі болды. Күдікті үйде ешкімнің болмағандығын пайдаланып, арам ойын жүзеге асырған. Ұрлаған мүліктерді сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген.
Сонымен қатар, күдікті азаматтың бұған дейін де бірнеше рет сотты болғандығы айқындалды. Ол Сайрам аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, төрт жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу туралы жазаға тартылған. Қазіргі таңда жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, қайта қылмысқа барған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.