Орталық базарда 2 жасар қыз адасып қалды
Түркістан облысының полицейі базардан екі жасар қызды тауып, анасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
7 маусым шамамен сағат 18:00 шамасында Арыс қаласындағы орталық базарда тәртіп сақтауды қамтамасыз етуге бөлінген полиция қызметкері базардың сырт жағында жалғыз өзі адасып, жылап жүрген кішкентай қызды байқаған. Арыс АПБ ЖПҚ Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Қалдыбай Маханбетов 2-3 жас шамасындағы қыздан оның ата-анасы қайда екенін сұрай бастайды, бірақ тілі анық шықпаған қыздан нақты жауап
ала алмайды. Содан кейін адасқан қыздың ата-анасын іздеуге шығады. Көрген-білгендерден сұрастырып, мұқият тексеру жұмыстарын жүргізді.
Осындай шұғыл іс-шаралар нәтижесінде, бір сағат ішінде полицей Қалдыбай Маханбетов қыздың анасын тауып, оған өзінен адасып қалған баласын табыстады.
Қыздың ата-анасының айтуынша, олар базарға барған. Сол сәтте қызы көліктен байқатпай шығып кеткен. Жоғалып кеткен қызын базардан, жақын көшелерден іздей бастайды. Осы аралықта полицей қызды тауып, аман-сау күйінде қайтарды.
Арыс қаласының тұрғындары полицейге жоғалып кеткен қызының табылуына көмек көрсеткені үшін шын жүректен алғысын білдірді. Шынайы рахметін айтып, қызметте табыс тіледі. Осы орайда, Түркістан облысының полицейлері ата-аналарға қырағы болуды және балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.