Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскемен полицейлері қамқорлыққа алынған мектеп-интернатта білім алатын балалармен кездесті

ШҚО полицейлері Білім күнінде қамқорлыққа алынған мектеп-интернатта білім алатын балаларға барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа оқу жылының бірінші күнінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Өскемен қаласының қарауындағы негізгі орта мектеп-интернатының бірінші сынып оқушыларына мектеп сөмкелерін сыйға тартты. Мұнда тәртіп сақшылары жиі қонақ болып, оқушыларға үнемі келіп тұрады, олар үшін түрлі мерекелер мен іс-шаралар ұйымдастырады. Балаларды өз жұмыстарымен таныстырады.

Бұл жолы да қалыптасқан дәстүр бойынша полиция қызметкерлері салтанатты жиынға қатысты. Оқушыларды оқу жылының басталуымен ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов құттықтады.

– Алда сіздерді жетістіктер мен ұмытылмас естеліктерге толы жаңа оқу жылы күтіп тұр. Сіздердің үздік бағалар мен жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерлеріңізді салатындарыңызға сенімдімін. Бұл – сауатты да білімді, еліміздің лайықты азаматы болу деген сөз, – деп атап өтті С.Манапов.

Тәртіп сақшылары салтанатты жағдайда 20 бірінші сынып оқушыларына барлық қажетті оқу құралдары салынған рюкзактарды табыс етті. Мектеп-интернат директоры Анар Жетібаева ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбековке полиция қызметкерлерінің жылдан жылға көрсетіп келе жатқан жанқиярлық көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Шығысқазақстандық полицейлер осыдан 8 жыл бұрын бұл оқу орнының оқушыларын қамқорлығына алған. Негізгі орта мектеп-интернатта көпбалалы, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар, ата-анасыз қалған балалар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар білім алып жатқанын айта кеткен жөн. Аталған уақыт аралығында тәртіп сақшылары абаттандыру, оқу ойындарын сатып алу, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге белсене араласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру