Өскемен тұрғыны гаражында жарты келіге жуық марихуана жасырған
Өскемен тұрғыны гаражында жарты келіге жуық марихуана жасырған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қазанда “Рефлекс” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шығыс Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Өскемен қаласы көшелерінің бірінде 59 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
Оның гаражын тінту барысында Toyota автокөлігінің жүк салғышынан жасыл түсті 7 түп өсімдік және жасыл түсті өсімдік заты бар бір полимерлік түйіншек табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған өсімдік заттарының жалпы салмағы - 464,39 грамм "кептірілген марихуана" есірткі құралы екені анықталды.
- Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігі (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізумақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясы 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуды көздейді, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.