Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде 78 жастағы тұрғын алғаш рет жеке куәлігін алды

Өскеменде 78 жастағы тұрғын алғаш рет жеке куәлігін алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласының тұрғыны 78 жастағы Тамара Бочкарёва алғаш рет Қазақстан Республикасының жеке куәлігін алды. Көп жылдар бойы ол бұл құжаттың қажеттілігін сезінбеген, алайда зейнетақы рәсімдеу барысында жеке басын куәландыратын құжаттың болуы міндетті екені анықталған. Осыған орай, Тамара Никитична көші-қон қызметіне жүгініп, мамандардан көмек сұрады.

Полиция қызметкерлері оның барлық құжаттарын жинауға жәрдемдесіп, қажетті тексерістер жүргізіп, тиісті мекемелерге сұрау салды. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін, 2025 жылдың ақпан айында Тамара Бочкарёва өзінің алғашқы жеке куәлігін қолына алды. Бұл күн оның өміріндегі ерекше әрі маңызды сәттердің бірі болды.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелері азаматтарды құжаттандыру және тіркеу жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Осы уақыт аралығында жеке куәлік жасауға 6 799 өтініш қабылданса, оның ішінде 27 өтініш өздігінен қозғала алмайтын және өзіне қызмет көрсету қабілетінен айырылған азаматтардан түскен.

Тамара Бочкарёва көші-қон қызметінің мамандарына шексіз ризашылығын білдірді. Ол енді Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы ретінде барлық әлеуметтік қызметтерді шектеусіз пайдалана алатынын атап өтті. Бұл оқиға – азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік қамтамасыз етілуіне бағытталған мемлекеттік қызметтердің тиімділігінің айқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру