Өскеменде алимент төлемеген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Өскеменде алимент төлемеген әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры өтінішпен жүгінген. Өтініште Шығыс Қазақстан облысының 42 жастағы тұрғыны сот шешімімен белгіленген алимент төлеу міндетін орындамай келе жатқаны көрсетілген. Әйел адамның 7 кәмелетке толмаған баласы орталықта тәрбиеленуде, ал алимент бойынша қарызы 9 миллион теңгеден асқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция алимент төлеуден жалтару азаматтық-құқықтық жауапкершілікке ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғатынын ескертеді. Ал міндеттерді орындамау бас бостандығын шектеу және заңда көзделген басқа да шаралардың қолданылуына себеп болуы мүмкін.