Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде мас күйде жанжал шығарғандар қоғамдық жұмысқа тартылды

Өскеменде мас күйде жанжал шығарғандар қоғамдық жұмысқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында екі азамат мас күйінде күш қолданғаны үшін сот шешімімен қоғамдық жұмысқа тартылып, пробация қызметінің бақылауына алынды. Енді олар қала көшелерін тазалап, қоғамға пайдалы іс арқылы өз істеріне өкініш білдіруде. Сот шешімімен олар жалпы көлемі 300 сағат қоғамдық еңбекке жегілді.

Оқиғалардың бірі мереке күндері орын алған. Қонақта отырған ер адамның бірі жанжал кезінде сабырға келудің орнына, досына бөтелкемен соққы жасаған. Бұл әрекеті үшін ол 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа міндеттеліп, сонымен қатар алкоголизмнен мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді.

Ал екінші жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты. Ер адам азаматтық некедегі жарына қол көтерген. Әйелдің дер кезінде полицияға хабарлауы оның өмірін сақтап қалды. Ал күдікті сот шешімімен 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Жәбірленуші қазіргі уақытта ер адамның мінез-құлқында оң өзгерістер байқалып жатқанын атап өтті. Ол өмірлік серігінің түзелуге тырысып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Ал ер адам қоғамдық жұмысын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.

Пробация қызметінің инспекторлары өздерін жазаны қадағалаушылар емес, өмірлік тәлімгерлер ретінде қарастырады. Олардың айтуынша, қоғамдық жұмыс — жай ғана жаза емес, бұл — адамға жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндік. Олар есепте тұрған азаматтармен үнемі байланыста болып, жұмыс тәртібінің сақталуын бақылап қана қоймай, қиын жағдайдан шығуға жол көрсетіп отырады.

Қоғамдық жұмыс аясында сотталғандар қала аулаларын қоқыстан тазартып, жол бойындағы арам шөптерді қолмен жұлу жұмыстарымен айналысуда. Солардың бірі бұрын сыпырушы болып жұмыс істегенін және Гагарин бульварының әр бұрышын жақсы білетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру