Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде нашақорлыққа қарсы таңғы жаттығу өтті

Өскеменде нашақорлыққа қарсы таңғы жаттығу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңесі мүшелерінің ұйымдастыруымен Өскемен қаласында ашық аспан астында таңғы жаттығу өтті. Шараға қала тұрғындары мен “Ақтай” дзюдо клубының спортшылары қатысты.

Іс-шараның ашылуында ШҚО ПД жанындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңесі төрағасының орынбасары Қорлан Туғамбаева, кеңес мүшелері Руслан Талғатұлы мен Лев Саркисян құттықтау сөз сөйлеп, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын профилактикалық жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.

Қоғамда нашақорлықтың алдын алудан бөлек, белсенді өмір салтына тұрақты ұмтылысты қалыптастыру және спорт — ең дұрыс таңдау екенін көрсету кездесудің басты мақсатына айналды. 

Жаттығуды дзюдодан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем кубогының бірнеше дүркін жеңімпазы Смағұлов Айдын Құдайбергенұлы жүргізді. Оның шараға қатысуы жастарға мотивация беріп, кәсіби спорттағы тәртіп пен төзімділіктің маңызын айқын көрсетті.

Сонымен қатар спортшылар дзюдоның негізгі әдістерін көрсетіп, спорт арқылы қалыптасатын күштілік, төзімділік пен жігерін дәріптеді. Іс-шара соңында аспанға ұшырылған әуе шары - жарқын болашаққа ұмтылу қажеттігін еске салатын символға айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру