Өскеменде өткен мерейтойлық ЖЖИ слетінде Қазақстан мен ТМД елдерінің үздік командалары анықталды
Өскеменде өткен мерейтойлық ЖЖИ слетінде Қазақстан мен ТМД елдерінің үздік командалары анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Өскемен қаласында Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық Республикалық жас жол инспекторларының (ЖЖИ) слёті өтті. Биыл бұл шара тарихында алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, қазақстандық командалармен бірге Қырғыз Республикасының жас инспекторлары да бақ сынады.
Еліміздің барлық өңірлерінен келген жүздеген оқушы мен шетелдік қонақтар жол қозғалысы ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін сынап, шығармашылық және тәжірибелік сайыстарда өз шеберліктерін көрсетті. Сайыстар қатарында — "Білімпаздар турнирі", "Жас реттеуші", "Велосипедті мәнерлеп жүргізу", "Автоқала", "Жас санитар", "ЖҚЕ білгірлері" және "Үгітбригада" байқаулары болды. Қатысушылар тәртіп пен жоғары дайындықты ғана емес, жолдағы қауіпсіз мінез-құлықты насихаттаудағы шығармашылық қабілеттерін де танытты.
Сонымен қатар "ЖҚЕ білгірі" аталымында үздік нәтиже көрсеткен және жол қозғалысы мәдениетін арттыруға елеулі үлес қосқан полиция қызметкерлері марапатталды.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков қатысушыларды құттықтап:
— Сіздер — біздің болашағымызсыздар. Бүгіннен бастап жолдағы мәдениетті қалыптастырып, құрдастарыңызға ережелер — жай қағаздағы шарт қана емес, қауіпсіздіктің берік негізі екенін ұғындырудасыздар. Бір кездері мен де ЖЖИ отрядының командирі болдым. Бұл тәжірибе менің кәсіби жолымның бастауына айналды, — деді.
Мемлекетаралық есепте бірінші орынды Қазақстан құрамасы, ал екінші орынды Қырғызстан командасы иеленді.
Республикалық есептің қорытындысы бойынша:
І орын — Қостанай облысының ЖЖИ отряды;
ІІ орын — Ақмола және Қарағанды облыстарының командалары;
ІІІ орын — Алматы қаласы, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жас инспекторлары.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер гироскутерлер, ноутбуктер, планшеттер, смарт-сағаттар, телескоптар және өзге де заманауи құрылғылармен марапатталды. Әрбір қатысушыға естелік ретінде рюкзак пен монопод табыс етілді.
Қырғызстан делегациясына екі елдің ведомстволары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін "Қазақстан полициясына 30 жыл" мерейтойлық төсбелгісі берілді.
Мерейтойлық слет ЖЖИ қозғалысының көшбасшылықты, жауапкершілікті және заңға құрметпен қарауды қалыптастыратын шынайы мектеп екенін тағы бір мәрте айғақтады. Бұл — тек ережені білетін ғана емес, қауіпсіздік пен тәртіп құндылықтарын қорғай алатын жас ұрпақты тәрбиелейтін орта.