Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде полицейлер киберқылмыс жайында студенттермен кездесу өткізді

Өскеменде полицейлер киберқылмыс жайында студенттермен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ШҚО ПД ұйымдастыруымен "Киберқылмыстар. Дропперлік. Кибербуллинг" тақырыбында ауқымды кездесу өтті. Кездесуге киберқылмыспен күрес қызметінің мамандары, криминалдық полиция қызметкерлері және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар қатысып, интернет-алаяқтықты, кибербуллинг пен дропперлікті анықтау және алдын алу бойынша тәжірибелерімен бөлісті.

Түсіндіру жұмыстарын толықтыру үшін бейнематериалдар мен шынайы оқиғалардан мысал келтірілді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударылды. Құпиялылықты дұрыс сақтау, жеке деректерді жарияламау, бейтаныс адамдармен хат алмасудан аулақ болу, онлайн кеңістікте сақ болу қажеттігі түсіндірілді.

Сонымен қатар интернеттегі буллинг мәселесі мен оның алдын алу жолдары талқыланып, студенттерге желіде қауіп төнген жағдайда ересектерге немесе полицияға жүгінудің маңызы ескертілді. Студенттер талқылауға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, киберкеңістіктегі өзекті мәселелер бойынша толыққанды жауап алды.

Ұстаздар полицейлердің мұндай кездесулер өткізгені жастардың құқықтық және цифрлық сауатын арттыруда маңызды екенін айтса, студенттер интернетте өздерін сенімді және қауіпсіз сезінуге көмектесетін практикалық кеңестер алды.

Жауап қалдыру