Өскеменде полицейлер мың литрге жуық спирттік сұйықтық тиелген көлікті тоқтатты
Өскеменде полицейлер мың литрге жуық спирттік сұйықтық тиелген Газель көлігін тоқтатты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері ірі көлемдегі спирттік сұйықтық партиясын анықтады.
Өскемен қаласының көшелерінің бірінде Газель автокөлігі тоқтатылып, тексеру жүргізілді. Көліктің жүк салғышын қарау барысында полиция қызметкерлері ішінде спирті болуы мүмкін сұйықтық құйылған ыдыстарды анықтады. Тәркіленген жүктің жалпы көлемі шамамен мың литрді құрады.
Қазіргі уақытта өнімнің шығу тегі анықталуда. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесіне сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
ШҚО полиция департаменті мұндай тексерулер құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
