Өскеменде полицейлер оқушыларға арнап экскурсия ұйымдастырды
Өскемен қаласындағы №39 мектепте "Жүректен жүрекке" республикалық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің өкілдері оқушылармен ауқымды кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер мектеп оқушыларына қызметтің ерекшелігі жайында толық ақпарат беру мақсатында экскурсия ұйымдастырды. Балаларға қызметтік қару-жарақ, заманауи патрульдік көліктер мен арнайы техникалар көрсетіліп, полицияның әртүрлі бөлімшелерінің күнделікті қызметі туралы баяндалды. Киберқауіпсіздік мәселелері мен есірткі қылмысына қарсы күреске ерекше назар аударылды. Сонымен қатар оқушылар ішкі істер органдарына қабылдау талаптары туралы, болашақ полицейлерге қойылатын негізгі талаптар жайлы құнды ақпарат алды.
Кездесудің басты сәттерінің бірі – полиция қызметінің цифрландырылуын көрсету болды. Оқушылар GPS-трекерлердің қызметкерлер қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінін, жедел басқару орталығының қалай жұмыс істейтінін көрді. Бұл орталық – төтенше шақыртулар мен қылмыстарға жедел әрекет етудің басты жүйесі.
Кездесу барысында №39 мектепте ашылған кадет сыныптарына да ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда мұнда "Жас сақшы" – жетінші және тоғызыншы сынып оқушыларынан құралған екі полиция сыныбы бар. Бұл оқушылар қазірдің өзінде болашақ мамандықтарын таңдауға алғашқы қадамдарын жасап жатыр, ал осындай іс-шаралар олардың полиция қызметі туралы жан-жақты түсінік алуына септігін тигізеді.
Жоғары сынып оқушыларының алдында ШҚО ПД бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков сөз сөйледі. Ол қоғамға қызмет етудің, заңдылық пен ел алдындағы жауапкершіліктің маңыздылығын ерекше атап өтті.
- Полицейлер – жай ғана форма киген адамдар емес. Біз – сіздердің қорғаушыларыңыз және достарыңызбыз. Біздің күшіміз тек техникада ғана емес, адамдарға деген қарым-қатынасымызда да. Жақсылық, қолдау және өзара көмек – мықты қоғамның негізі. Келіңіздер, бірге қамқорлығы мен қолдауы сезілетін қоғам құрайық, – деді ол оқушыларға.
Өз тәжірибесімен ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің өкілі Нұрлыбек Үдербаев та бөлісті. Ол көптеген жылын құқық қорғау саласына арнап, бүгінгі таңда жас ұрпаққа өз білімін мақтанышпен жеткізуде.
Сонымен қатар полиция департаменті тәлімгерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Дәурен Мұқанов жас қызметкерлерді қолдау, ұрпақтар сабақтастығы және мамандықтың моральдық қағидалары туралы әңгімеледі.
Болашақта Шығыс Қазақстан облысында полиция қатарын бүгінгі №39 мектептің оқушылары толықтыруы әбден мүмкін.