Өскеменде полицейлер өзенге ағып кете жаздаған ана мен баланы құтқарды
Өскеменде полицейлер өзенге ағып кете жаздаған ана мен баланы құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 шілде күні сағат 14:20 шамасында "102" жедел арнасына Өскемен қаласының тұрғыны Үлбі өзені маңында танысы кішкентай қызымен бірге суға түскенін және оларды қатты ағыс алып кеткені туралы хабарлаған.
Дабыл туралы ақпаратқа жедел әрекет еткен кезекші көмекшісі Олжас Оразов болды. Ол тек жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына хабар беріп қана қоймай, нақты координаттар бойынша оларды бағыттап отырды. Осы үйлесімді іс-қимылдың арқасында оқиға орнына патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Мадияр Мұхамеджанов басқарған №9 экипаж шұғыл жетті.
Бұл уақытта рациядан хабарды естіген Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Сұнғат Сейілжанов та жақын маңда болып, өз бетімен өзенге жеткен. Ол бірінші болып келіп, бірден суға секірді.
Сол сәтте анасы мен баласын ағыс едәуір қашықтыққа алып кеткен еді, алайда офицер оларға жетіп, судың бетінде ұстап тұра алды.
Көп ұзамай қарама-қарсы жағадан жеткен Мұхамеджанов көмекке қосылды. Алайда қатты ағыс салдарынан өз беттерінше жағаға шығу мүмкін болмады. Полицейлер құтқарушылардың қайықпен келуін күтті.
Үйлесімді іс-әрекет пен жедел шешім қабылдаудың арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі уақытта анасы мен қызының өміріне қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.