Өскеменде полицейлер тұрғындарға мерекелік концерт ұйымдастырды
Өскеменде полицейлер тұрғындарға мерекелік концерт ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында ШҚО полиция департаменті Арбатта ашық аспан астында мерекелік концерт ұйымдастырды.
Музыкалық шара Өскемен қаласындағы ең кішкентай бүлдіршіндерден бастап, аға буын өкілдеріне дейін көптеген қала тұрғынын жинады.
Кеш барысында полиция департаментінің хоры өнер көрсетіп, сахна төрінен патриоттық және халық әндері шырқалды. Бұл әндер елге деген мақтаныш пен бірлік рухын сездіріп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар қобыз бен домбыраның сүйемелдеуімен орындалған музыкалық нөмірлер кешке ұлттық реңк берді.
Көрермендер концертті үлкен қызығушылықпен тамашалап, шара барысында жас көрермендердің бірі хор жетекшісіне гүл ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Концерт соңында балалар полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар шара аясында балаларға жол қозғалысы ережелеріне арналған танымдық викторина ұйымдастырылды. Дұрыс жауап берген бүлдіршіндерге жолда жүру қауіпсіздігін арттыруға бағытталған пайдалы сыйлықтар – балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары табысталды.
Мерекелік шара ішкі істер органдары мен халық арасындағы өзара сенімді нығайтуға, сондай-ақ жас ұрпақтың санасында полиция қызметкерінің оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған кешенді мәдени іс-шаралардың біріне айналды.