Өскеменде полиция өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні "ізін суытпай" ұстады
Өскеменде полиция өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні "ізін суытпай" ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғынынан бейтаныс ер адамның техникалық қызмет көрсету орталығы аумағында тұрған Lexus автокөлігін заңсыз айдап әкеткені туралы арыз түскен. Келтірілген шығын көлемі – 7 млн 500 мың теңге.
Шығыс Қазақстан облысы ПД Жедел басқару орталығының кезекші инспекторлары мен патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің жедел іс-қимылының нәтижесінде, бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің ізін суытпай қолға түсірді. Ол – 31 жастағы техникалық қызмет көрсету орталығының механигі болып шықты. Сондай-ақ оның бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Аталған факті "Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтап, автокөліктерін тек күзетілетін тұрақтарда немесе сенімді орындарда қалдыру керек екені туралы ескертеді.