Өскеменде полиция қызметкерлері жоғалған жасөспірімді видеоаналитика көмегімен тапты
Өскеменде полиция қызметкерлері жоғалған жасөспірімді видеоаналитика көмегімен тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының орталығы — Өскемен қаласында полиция қызметкерлері видеоаналитика жүйесінің көмегімен ата-анасының хабарынсыз ауылдық жерден қалаға келген 17 жастағы жасөспірімнің жүрген жерін анықтады. Ұлдарының жоғалуына алаңдаған ата-анасы полицияға жүгінген.
Іздеу жұмыстары барысында қалалық бейнебақылау жүйесіне жасөспірімнің фотосуреті жүктелді. Нәтижесінде видеоаналитика оның қозғалысын тіркеп, проспект бойындағы камералардың бірі жасөспірімнің нақты жүрген орнын анықтауға мүмкіндік берді. Полицейлер жедел әрекет етіп, баланы ата-анасына тапсырды.
Өскемен қаласында аталған бейнебақылау жүйесін дамыту жалғасуда. Облыс орталығындағы қоғамдық орындарға видеоаналитика функциясы бар 300 камера орнату жоспарланп отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, өңірде "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуға септігін тигізеді.