Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде қызмет барысында қаза тапқан полицейлерге арналған мурал ашылды

Өскеменде қызметтік борышын атқару барысында қаза тапқан полицейлердің құрметіне арналған мурал ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасын облыстық полиция департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен жасалған арт-нысан әсемдеді.

Композицияның орталық бейнесі – “Ер есімі — ел есінде” деген жазуы бар полиция қызметкерінің силуэті. Бұл тұрақтылық пен қызметке деген адалдықты білдіреді.

Мурал Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында қызметтік борышын абыроймен атқарып жүріп қаза тапқан 29 шығысқазақстандық полицейдің рухына арналды.

— Әрбір қызметкер үшін бұл арт-нысан жай ғана символ емес, бұл – міндет. Біз азаматтардың сенімін нығайтып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, заңды қатаң сақтамай, заманауи әрі өркендеген қоғам құру мүмкін емес. Біздің міндетіміз – әрбір шығысқазақстандық пен облысымызға келген қонақ өзін сенімді сезінетіндей, полиция әрдайым жанында болып, қорғауға дайын екенін білетін орта қалыптастыру, — деп атап өтті ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.

Ашылу күні қатардағы әріптестермен бірге қаза тапқан полицейлердің туған-туыстары да болды. Қызметкерлердің жұбайлары полиция департаменті олардың отбасыларын назардан тыс қалдырмай, ұзақ жылдар бойы байланысын үзбей келе жатқанын айтты.

Полицейлердің есімдері мен ерліктері ішкі істер органдарының тарихына мәңгілікке жазылып, батылдықтың, антына адалдықтың және жоғары кәсібиліктің үлгісі болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру