Өскеменде студенттер үшін ерекше форматтағы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды
Өскемен қаласында студенттер үшін ерекше форматтағы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
№73 мекеме қабырғасында өткен кездесу жастарға есірткінің заңсыз айналымына араласудың шынайы салдарын көзбен көруге мүмкіндік берді.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен "Жастар Рухы" жастар қанатының белсенділері бірлесіп өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты - жастарды жалған уәде мен оңай олжа туралы жарнаманың ар жағында қандай ауыр шындық тұрғанын түсіндіру, есірткі бизнесіне араласудың адам өміріне әкелер қайтымсыз зардаптарын нақты мысалдар арқылы көрсету болды.
Шара барысында есірткінің тек адам денсаулығын ғана емес, тұтас тағдырды күйрететіні айтылды. Мұндай жолды таңдағандардың әлеуметтік байланыстары үзіліп, отбасыларынан ажырап, кәсіби болашағынан айырылатыны ерекше атап өтілді.
Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес есірткіні өткізу мен тарату үшін көзделген қатаң жауапкершілікке тоқталып, есірткі жасырушы ретінде ұсынылатын жұмыстың ауыр қылмыс санатына жататынын түсіндірді. Мұндай әрекеттер үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Кездесудің ең әсерлі кезеңдерінің бірі - есірткі заттарын сатқаны үшін жазасын өтеп жатқан сотталушымен өткен ашық әңгіме болды. Оның өмірден алынған жеке тәжірибесі "оңай табыс» туралы иллюзияның қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жастар арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Бұл бағытта тікелей диалог пен көрнекі, әсерлі тәсілдерге басымдық беріледі.
