Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өскеменде суға батқан қызды құтқарған әскери қызметші оқушылармен кездесті

Өскеменде суға батқан қызды құтқарған әскери қызметші оқушылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Жанасбек Пермабек №23 орта мектептің "Жас бүркіт" сыныптарының оқушыларымен кездесті.

Екі жыл бұрын Үлбі өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарып, ерлігімен көзге түскен әскери қызметші жасөспірімдерге батылдық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндірді.

Кездесуге әскери қызметшінің ерлігіне қызығушылық танытқан оқушылар белсенді қатысты. Олар көктемгі су тасқыны кезінде болған оқиғаның мән-жайын сұрап, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Жанасбек Пермабек әскери қызметтің тек қару ұстап, Отан қорғаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, нағыз азамат кез келген қиын жағдайда айналасына қолдау көрсетіп, адам өміріне бейжай қарамауы керек.

– Кез келген төтенше жағдай кезінде ең алдымен адам өмірін сақтау маңызды. Мұндай сәтте батылдықпен қатар шапшаңдық, физикалық дайындық пен сабырлылық қажет. Сондықтан жас кезден бастап спортпен шұғылданып, өзіңді түрлі жағдайларға дайындаған жөн, – деді әскери қызметкер.

Кездесуге қатысқан оқушылар да әскери қызметшінің ерлігін өздеріне үлгі санайтынын жеткізді.

– Айналамда біреуге көмек қажет болса, бейжай қарап тұрмай, қол ұшын беруге дайын болу керек деп ойлаймын. Біздің мектепке келген қонақ көктемде тасыған өзенге секіріп, қыздың өмірін сақтап қалған екен. Мұндай ерлік физикалық дайындықты да қажет етеді. Сондықтан мен де спортпен көбірек айналысып, шапшаң әрі мықты болуға тырысамын, – деді мектеп оқушысы Надир Асхатұлы.

Кездесу барысында оқушылар әскери қызметшінің ерлігі туралы кеңірек мағлұмат алып, бейбіт күннің батырымен естелік суретке түсті. Мектеп басшылығы мұндай тағылымды кездесулердің оқушыларға ел қорғаудың жауапкершілігін тереңірек түсінуге, әскери өмірмен жақынырақ танысуға және қиын жағдайда өзгелерге қолдау көрсетуге дайын болуына ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, Ұлттық ұланның әскери қызметшісі осыдан екі жыл бұрын Үлбі өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарып қалған болатын. Өскемен тұрғындары әскери қызметшінің ерлігін әлі күнге дейін құрметпен еске алып, оны тағылымды іс-шараларға арнайы қонақ ретінде шақырып келеді.

Жауап қалдыру