Өскеменде заңсыз такси қызметін көрсеткен шетелдік азамат анықталды
Өскеменде заңсыз такси қызметін көрсеткен шетелдік азамат анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының орталығында полицейлер шетелдік азаматтың заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғанын анықтады. Құжаттарды тексеру барысында аталған азаматтың мобильді қосымша арқылы ресми рұқсатсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысқаны белгілі болды.
Тергеу нәтижесінде көрші мемлекеттен келген жүргізушінің Қазақстан Республикасының аумағына заңды негізде кіргені, алайда еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті рұқсатсыз жеке көлігімен такси қызметін көрсеткені анықталды. Бұл әрекеті көші-қон және еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келеді.
Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, құқық бұзушы тиісті жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеген 30-дан астам шетелдік азамат анықталып, сот шешімімен олардың әрқайсысына 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар шетелдіктерді заңсыз еңбекке тартқан жұмыс берушілерге де 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
ШҚО полиция департаменті азаматтарға Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтауға және рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметімен айналыспауға шақырады. Заң талаптарын елемеу – әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.