Өскемендік балалар полиция жұмысымен танысты
Отбасылық үлгідегі балалар ауылының 20 тәрбиеленушісі мен қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің 8 бен 13 жас аралығындағы балалары оқу полигонында болып, полицияның қалай жұмыс істейтінімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жас қонақтарды ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков қарсы алып, бүгінгі таңда полиция мамандығының өте қызықты әрі маңызды екенін атап өтті. Қызметкерлер қоғамдық тәртіпті сақтаудан бастап қылмыстық істерді тергеуге дейінгі әртүрлі функцияларды орындайды.
– Көпшілігіңіз полицияның қалай жұмыс істейтінін көріп, осы мамандықты таңдауға шешім қабылдайтыныңызға сенімдімін, – деді Ерлан Омарбеков.
Қонақтардың назарына полицияның қару-жарақтары, арнайы қорғаныс құралдары мен жабдықтары, автоматтан гранатаметке дейінгі атыс қарулары ұсынылды. Балалар мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысып, тәртіп сақшылары көрсеткен барлық қаруларды ұстап көрді.
Сонымен қатар арнайы жасақ жауынгерлері атыс қаруы мен суық қаруы бар адамды залалсыздандырудың жетілдірілген әдістерін көрсетті, сондай-ақ олардың қылмысқа қарсы күрестегі рөлі және олар үшін әрқашан жақсы дене дайындығының болуы қаншалықты маңызды екенін айтты.
Экскурсияға қатысушылар қойылымды мұқият тамашалады.
Іс-шараның ең әсерлі бөлігі – мамандандырылған топ ғимаратқа шабуыл жасап, кепілге алынған адамды босатып, шартты қылмыскерді ұстаған сәт болды. Көп эмоция мен жаңа әсер алған балалар ұзақ уақыт кеткісі келмеді, өйткені сол күні күндіз де, түнде де қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтайтын полиция қызметкерлерінің қиын да жауапты қызметін көрді.
Полицейлермен танысуды жас қонақтар теплоходта серуендемен аяқтады.