Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Өскенде полицей боламын!" – ШҚО-да бүлдіршіндер арасында сурет байқауы өтті

ШҚО-да "Өскенде полицей боламын!" тақырыбында бүлдіршіндер байқауы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Алатау қаласындағы "Құлыншақ" балабақшасында тәрбиеленушілер арасында "Мен өскенде кім боламын?" және "Менің ата-анам – полиция қызметкері» тақырыптарында шығармашылық сурет байқауы ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – балаларды түрлі мамандықтармен таныстырып, олардың қиял-ойын кеңейту, болашаққа деген көзқарасын қалыптастыру және армандарына жол ашу. Байқау барысында бүлдіршіндерге түрлі маман иелерінің бейнесі ұсынылып, әрқайсысы өз жүрегіне жақын кәсіпті бояу арқылы бейнеледі.

Айта кетерлігі, бұл балабақшада қалалық полиция бөлімінде қызмет атқаратын 21 полицейдің баласы тәрбиеленеді. Сондықтан балалардың көпшілігі құқық қорғау саласына деген қызығушылықтарын ерекше ықыласпен білдірді.

Байқаудың ең әсерлі сәті – жасөспірімдер ісі жөніндегі учаскелік инспектор Тастемір Қадырдың балабақшаға келіп, ұлы Алиханды алып кетуі болды. Әкесін көрген баланың жүзіндегі шаттық пен қуаныш бірден көзге түсті.

– Мен өскенде әкем сияқты полицей боламын! – деді Алихан мақтанышпен.

Бұл сөздер мен сәт баланың арманы мен ата-анаға деген құрметінің шынайы көрінісіне айналды. Балабақша басшылығы мұндай шаралар балалардың шығармашылық қабілетін ғана емес, сондай-ақ еңбексүйгіштік, отансүйгіштік және үлгі алуға деген құлшынысын қалыптастыратынын атап өтті.

Болашақ – бала армандарынан басталады, ал үлкен арман – отбасыдан бастау алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру