“Отан – отбасынан басталады”: Қарағанды облысының полицейі жанұя құндылықтары жайлы айтып берді
Қарағанды облысының полицейі жанұя құндылықтары жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Амангелді Рақым Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қарағой аулында туған. Қарағанды облысы және Ұлытау облысы МКҚБ 1-полиция батальоны қызметкері, полиция аға сержанты. 2018 жылдан бастап Ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Үш баланың әкесі.
Отбасы – бұл сыйластық пен жауапкершілік , қамқорлық пен сүйіспеншіліктен тұратын маңызы зор, мағынасы терең ұғым, тәлім тәрбие ошағы. Отбасы – бұл шағын мемлекет тірегі ер азамат мейірім ошағы ана жемісі және маңызы бала.
– Іргетасы мызғымас жауапкершіліктен, қабырғасы қуатты қамқорлықтан, шаңырағы шайқалмас сыйластықтан, іші тағылымды тәрбиеге толы отбасының алар асуы биік. Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің дегендей отбасындағы тәрбиенің маңызды рөл атқаратындығы белгілі. Отбасындағы жылулық пен жайлы атмосфера қалыптастыру бала болашағына орасан әсер етеді. Күйген тіршілікпен отбасына балаға көңіл бөлу жағын ұмытып кетіп жатамыз. Бұл үлкен қателік. Ұлы Абай айтқандай «әуелі балаңды өзің алдайсың: әне, оны берем, міне, мұны берем» деп басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың, соңында балаң алдамшы болса, кімнен көрмексің?”. Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі”. Бұл ретте ата-ананың бала тәрбиесіне аса ден қойғаны жөн. Жанұядағы жылулық пен салихалы тәрбие ұл қыздарымызды патротизм мен имандылыққа әкеледі. Балам адам болсын деген ата-ана әуелі өзін тәрбиелеген жөн деп ойлаймын. Балаға барынша мейірімділік беру, сыйластыққа, бауырмалдылыққа үйрету, білім-ғылымға үйрету ата-ананың басты парызы. Қаймағы бұзылмаған қазақ отбасы мен қазақы тәрбиені де ұмытпағанымыз жөн. Бабаларымыз отбасын құру оны ұстап тұру және отбасындағы әркімнің рөлі туралы басынан бақайшағына дейін өсиет етіп кеткен қағидалар ұмыт болып бара жатқан секілді. Отбасындағы бала тәрбиесі ежелден келе жатқан әжелер мектебі, жеңгелер мектебін қайта жаңғыртқанымыз дұрыс. Себебі келешек құрылғалы отырған жаңа отбасылардың ғұмырлы болуы жанұядағы тәрбиемен ұштасады. От басындағы тәлім тәрбие ұлға отыз қызға қырық үйден тыйым тәртібі сақталған жөн. Себебі жатқа еліктеуден сол отбасындағы тәрбиемен біте қайнасқан ар-ұят мәселелеріне бей-жай қарағандықтан “Қазаннан қақпақ кетсе мысықтан ұят кетеді” демекші талай отбасылардың бармақ шайнап жататындығын көреміз. “Отан – отбасынан басталады” деп ұлыларымыз айтып кеткендей, Отанымыздың көркейіп озат ел болуымыз ұлағатты, сыйластығымен тәлім тәрбиесі келіскен, өнегелі отбасылардан шыққан ұландар мен қара көз қарындастарымыздың қолында екені анық, – дейді біздің кейіпкер.