Отан қорғаушылар күні қарсаңында қызметкерлерге мемлекеттік марапаттар тапсырылды
Отан қорғаушылар күні қарсаңында қызметкерлерге мемлекеттік марапаттар тапсырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отан қорғаушылар күнін мерекелеу қарсаңында ел Президентінің Жарлықтарымен бірқатар полицейлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттік наградалармен марапатталды, ал жекелеген басшыларға жоғары офицерлік шендер берілді.
Салтанатты рәсім Ақорда резиденциясында өтті. Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік наградалар мен арнаулы шендер алу құрметіне ІІМ-нің 14 қызметкері ие болды.
– Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау басталды. Оны тиімді іске асыру билік институттарына деген сенім деңгейін едәуір арттырады, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділеттіліктің нығаюын қамтамасыз етеді. Әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы мен әлеуметтік қорғалу деңгейі кезең-кезеңімен артып келеді. Погондардағы адамдарды жан-жақты қолдау әрқашан мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болады, – деді Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде.
Тағы 15 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ел Президенті атынан наградалар тапсырды.
Тәуелсіздік жылдарында 1567 қызметкер мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың 144-і өздері қабылдаған ант пен қызметтік борышына адал болып, ерлікпен қаза тапты.
Мерекелік күнге орай ІІМ-нің 21 қызметкері мемлекеттік наградалармен және сегіз қызметкері Жоғары офицерлік атақтармен марапатталды.
Сексуалдық қанау мақсатында адам саудасымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін әшкерелеуге және тергеуге қатысқан ІІМ аға тергеушісі Аманжол Тілеубердиев пен аға жедел уәкіл Сұңғат Сәрсекеев мемлекеттік наградалар иеленді. Олардың білікті әрекеті нәтижесінде 38 қазақстандық сексуалдық құлдықтан босатылып, Отанына қайтарылған болатын.
Адамдарды оттан құтқарғаны үшін Қостанай облысынан полиция инспекторы Руслан Мақашев пен Талғат Оңғарбаев, Павлодар облысынан Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Нұржан Төлеген мен Батыс Қазақстан облысынан Абылай Төлеев, Алматы облысынан патрульдік полиция инспекторы Фархад Тұрдиев пен Дәурен Нәрікбаев, сондай-ақ Қызылорда стансасындағы Желілік полиция бөлімінен Дархан Әбдікәрімов марапатталды.
Сондай-ақ 4 баласы бар әйелдің үйіне шабуыл жасаған қарулы қарақшыны қызметтен тыс уақытта жүріп ұстағаны үшін Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметінің полицейі Берік Өмірзақов арнайы марапат иеленді.
Өскемендік патрульдік полиция инспекторы Кәкеев Нұржан жараланғанына қарамастан қарулы қылмыскерді ұстағаны үшін марапатқа ие болды. Ал онымен бірге қылмыстың жолын кесу кезінде табанды түрде әрекет еткен әріптесі Бекарыс Абдолданов та марапатқа лайық танылды.
Ұлттық ұланның Батыс өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Арман Жұмағалиев мемлекеттік наградаға ие болды, оның сауатты және батыл іс-қимылдарының арқасында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері түзеу мекемесінде сотталғандар арасындағы тәртіпсіздіктің жолын кесті.
Сондай-ақ, көп балалы ана, Жамбыл облысы полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Диляфруз Қанжеханова марапатталды, ол өзінің бес баласын тәрбиелеп отыр, ал 2019 жылы патронаттық негізде кәмелетке толмаған тағы төрт баланы тәрбиесіне алған.
ІІМ-нің басқа да ерекше көзге түскен қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Министр мерекемен құттықтай келіп, марапатталғандарға сөз арнады:
– Жоғары офицерлік шендер беру және мемлекеттік наградалармен марапаттау – бұл тек кәсіби еңбекті бағалау ғана емес, сонымен қатар жауапкершіліктің жаңа деңгейі болып саналады. Біз өз біліміміз бен тәжірибемізді Ел басшылығының жоғары сенімін ақтауға жұмсауымыз керек, – деп түйіндеді ішкі істер министрі.