Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отан үшін от кешкендер: ҚР ІІМ музейінде ерлік сабақтары өткізілді

Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс иелеріне тағзым – елдік пен ерліктің белгісі. Атаулы мерекелер қарсаңында Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылып, жеке құрам батырлар жолымен рухани сапарға аттанды. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар. 

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесі – халқымыздың жүрегіне терең орныққан, елдің ертеңі үшін жанын қиған боздақтарды еске алып, бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік ететін қасиетті күндер. Осы атаулы даталарға орай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары аясында 15-18 сәуір аралығында Ішкі істер министрлігінің орталық аппарат қызметкерлері үшін "Ерлік сабақтары" ұйымдастырылды.

Бұл тағылымды шара – жанқиярлық ерліктің, биік рух пен патриотизмнің жарқын көрінісі. "Кеңес Одағының Батыры" атағы – бұл Отан үшін от кешкен, ел үшін жанын пида еткен ерлерге берілетін ең жоғары марапат. Олар қауіптен қаймықпай, жан аямай күресіп, ауыр кезеңде ел қорғанына айналды. Соғыс аяқталған соң да сол батырлар ел игілігіне еңбек етуді жалғастырды. Олардың қатарында ішкі істер органдарында адал қызмет еткен майдангерлер де бар. Олар түрлі салада қызмет атқара жүріп, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында әрдайым алдыңғы шептен табылды. Өзінің кәсіби біліктілігімен, табандылығы мен қайраткерлігімен бейбіт өмірдің тірегі болды.

Іс-шара аясында ІІМ музейінің қызметкерлері келушілер назарына Кеңес Одағының Батырлары атанған ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен ерлігіне арналған фотоқұжаттық материалдар мен тарихи жәдігерлерді ұсынды. Сондай-ақ соғыстан кейін ішкі істер саласында адал еңбек еткен батырларға арналған уақытша фотокөрме ұйымдастырылды. Шара соңында қатысушыларға арнайы бейнефильм көрсетілді.

Айта кету керек, ішкі істер органдары музейлерінің басты мақсаты – жеке құрам арасында патриоттық тәрбие беру, олардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ету, сондай-ақ ел тыныштығын сақтау жолындағы жауапты қызметке деген жауапкершілікті нығайту. Осы жолда өткен "Ерлік сабақтарына" орталық аппараттың бірқатар қызметкерлері белсене қатысып, өткеннің өнегесіне тағзым етті.

Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, Отан алдындағы жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған. Ерлік – ұмытылмайды, ал ұрпақ жадында сақталған ерлік ел болашағының темірқазығына айналады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру