Отанға қызмет – абыройлы міндет
Татулығы жарасқан еліміздің өркендеуі жолында Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Елена Яврова абыройлы қызмет атқарып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елена Яврова – Түркістан облысы Сайрам ауданының тумасы. 1998 жылдан бері ішкі істер саласында еңбек етіп келеді. Қызмет жолын Бәйдібек аудандық полиция бөлімінде бастаған ол 2000 жылдан бері Сайрам аудандық полиция басқармасында еңбек етуде. Учаскелік полиция қызметкерінің міндеті – тікелей халықпен жұмыс жасау. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі жұмыс. Алайда бала күнгі арманына адал болған нәзік жанды тәртіп сақшысы бұл міндетті де зор ынтамен атқаруда.
Мемлекеттік тілге деген құрметі де ерекше. “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты облыстық байқауларда жүлделі орындар иеленген. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің алғыс хаттарымен марапатталған.
– Жұмысымыз халықпен тығыз байланысты болғандықтан, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, заң аясында көмек көрсету – басты міндетіміз. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан өз ісімді әрдайым бірінші орынға қоямын, – дейді Елена.
Ынтымағы жарасқан елде өсіп-өніп, отбасында екі ұлын еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке тәрбиелеп отырған Елена демалыс уақытында тәттілер пісіруді ұнатады. Байтақ өлкеде туып-өскенін әрдайым мақтан тұтады.